16 қаз, 2019 сағат 11:16

Министр елордадағы әуежайдың жаңа кодына қатысты түсінік берді

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов «Нұр-Сұлтан» әуежайы кодын өзгертуге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әуежай коды бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев бүгін Польшадан елге оралуы тиіс. Онда алты нұсқа ұсынылған еді. Шынын айтсам, бұл тақырыпта әлі де ақпарат алған жоқпын, яғни хабар күтіп отырмын», - деді Б. Атамқұлов Парламент Мәжілісінде тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Министрдің айтуынша, Азаматтық авиация төрағасы код бойынша бүгін баяндайтын болады.

Айта кетейік, ұсынылған алты нұсқаның бірі NQZ коды болған еді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, IATA Нұр-Сұлтан қаласы әуежайының кодын өзгерту туралы түзетуді мақұлдады.

«Нұр Сұлтан» халықаралық әуежайының коды IATA рәсімдері мен стандарттарына сәйкес өзгертілетін болады», - деп жазылған хабарламада.