06 там, 2021 сағат 15:14

Мен қазақша сөйлеймін: 19 этнос өкілі республикалық акцияға қатысты


Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында «Мен қазақша сөйлеймін» республикалық акциясының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мен қазақша сөйлеймін» республикалық акциясы қазақ тілінің дамуына елеулі үлес қосып жүрген этнос өкілдерін біріктірді. 

Осылайша, бүгін акцияның ІІІ кезеңіне қатысқан ЖОО студенттері мен ересек тұрғындарды марапаттау рәсімі өтті. 

«Тіл – мәдениеттің негізгі элементі және ұлт пен оның бірлігін қалыптастырудың мүлтіксіз шарты болып саналады. Қазақ тілін сақтау және дамыту мемлекетіміздің мәдени саясатының аса маңызды міндетін құрайды. Сіздер де мемлекеттік тілдің сақталуы мен дамуына баға жетпес үлес қосып отырсыздар», - деді ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба марапаттау рәсімінде.

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында өткізілген акцияға республиканың 14 өңірінен 171 адам қатысты. 

19 этнос өкілдері белгілі қазақ ақындарының туған ел, туған жер, ана тілі тақырыбындағы жыр жауһарларынан үзінділерді мәнерлеп жатқа оқыды. 

Онда өз өлеңдерін оқыған дарынды қатысушылар да болған.

«Қатысушылар арасында орыс ұлтының өкілдері басым – 70 қатысушы. Өзбек, татар, дүнген, күрд, неміс, әзербайжан ұлттарының өкілдері де белсенді қатысушылар қатарында болды. Олардың басым көпшілігі Қостанай, Жамбыл, Түркістан, Қарағанды, Ақтөбе облыстарынан хабарласқан. Барлық материалдарды мұқият зерделеген қазылар алқасының шешімімен Хамида Саметова (ШҚО), Галина Кочеткова (Ақтөбе), Ольга Кефер (Ақтөбе), Анна Корчемкина (БҚО), Масрур Адеева (Шымкент) акция жеңімпаздары болып танылды», - деп хабарлады «Тіл-Қазына» орталығының баспасөз қызметі. 

Ал ынталандыру дипломдарымен Виктория Дорошко (Қостанай обл), Мариям Точиева (Ақмола обл), Кахрабо Юлдашева (Нұр-Сұлтан), Анюта Трегуб (Ақтөбе обл), Анастасия Гросс (ШҚО), Индира Бельская (ШҚО), Мажит Герфанов (Қостанай) және Светлана Тарасова (Нұр-Сұлтан) марапатталды.

Естеріңізге сала кетейік, акцияның 5-8 сынып оқушылары арасында өткен І кезеңіне 22 этностан 326 адам қатысты, оның басым көпшілігі (214 адам) орыс ұлтының өкілдері болды. 9-11 сынып оқушылары мен колледж студенттері арасында өткен ІІ кезеңге 14 этностан 213 адам қатысқан. 

Енді келесі кезең (6 тамыздан 6 қыркүйекке дейін) құқық қорғау, ішкі істер органдары өкілдерінің арасында өтеді. 

Қатысушылардың материалдары Instagram желісінде #менқазақшасөйлеймін2021 хештегімен жарияланған.