Қаржыны игермеген бағдарлама әкімшілеріне айыппұл салынады. Бұл туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі кезде әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаға өзгерістер енгізудеміз. Яғни бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бірінші жетекшісіне айыппұл түрінде жауапкершілігін қарастыратын тиісті түзетуді енгізудеміз. Ақшалай айыппұл айтарлықтай қомақты болады. Бұл, өз кезегінде, қаржыны сапалы әрі тиімді игеру үшін ынталандыратын болады», - деді Ә. Смайылов Сенатта тілшілер сауалына жауап бере отырып.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Әлихан Смайылов қай министрліктер бюджетті игере алмай жатқанын айтқан еді.
«Ал республикалық бюджеттің шығындары 8 трлн 541 млрд теңгені құрады. Орындалмау сомасы - 14,3 млрд теңге. Оның 5,7 млрд теңгесі - үнемделген қаражат. 8,6 млрд теңге игерілмей жатыр. Бұл 2018 жылдың 9 айымен салыстырғанда бес есе аз. Ең көп игерілмеген сома мына әкімшілерде қалыптасты: Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі - 1,5 млрд теңге, Жоғарғы сот - 1,2 млрд теңге, Мәдениет және спорт министрлігі - 992 млн теңге, Сауда және интеграция министрлігі - 947 млн теңге. Қаржы игермеудің негізгі себептері - конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, орындалған жұмыс актілерін уақтылы ұсынбау, қазынашылық органдарына тіркеуге шарттар мен қосымша келісімдерді кеш ұсыну», - деді ол.