10 сәу, 2026 сағат 11:13

Мектептерде жаңа Конституцияны түсіндіретін арнайы сабақтар енгізілді


Фото: Оқу-ағарту министрлігі


Қазақстан мектептерінде 11-сынып оқушыларына жаңа Конституцияны түсіндіруге арналған арнайы сабақтар өткізілді, деп хабарлайды Ult.kz.


Іс-шара бірыңғай “Адал Азамат” білім беру бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, еліміздің барлық өңірінде бір мезгілде өтті. Сабақ тақырыбы — “Білім беру мемлекеттік саясаттың негізгі құндылығы ретінде: Жаңа Конституцияның басымдықтары”.


Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бастаманың негізгі мақсаты — оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, Конституция нормаларын түсіндіру және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру.


Сабақ барысында оқушылар негізгі конституциялық қағидалармен танысып, құқықтық мәдениет пен заңға құрмет мәселелеріне басымдық берілді. Бірыңғай форматтағы сынып сағаттары оқушылардың құқықтық тақырыптар төңірегінде ортақ түсінік қалыптастыруына мүмкіндік берген.


Айта кетейік, бұған дейін жаңа Конституцияны мектептер мен жоғары оқу орындарында оқыту туралы ұсыныс айтылған болатын.