Оқу-ағарту министрлігі оқу жылын ұзартуға арналған бұйрық жобасын әзірледі. Құжат "Ашық НҚА" порталында қоғамдық талқылауға шығарылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Құжатқа сәйкес, 1-сыныптарда оқу жылының ұзақтығы 35 апта болса, 2-11 (12)-сыныптарда 36 оқу аптасы болмақ.
Алдағы оқу жылында барлық сыныпқа мынадай каникул кезеңін белгілеу ұсынылады:
- күзгі каникул – 7 күн (2022 жылдың 31 қазанынан 6 қарашасын қоса алғанда);
- қысқы каникул – 9 күн (2022 жылғы 31 желтоқсаннан 2023 жылғы 8 қаңтарды қоса алғанда);
- көктемгі каникул – 9 күн (2023 жылғы 18-26 наурызды қоса алғанда).
1-сынып оқушылары үшін де қосымша жеті күндік каникул енгізіледі, бұл 2023 жылғы 6 ақпан мен 12 ақпанды қоса алғанда.
"Бұйрық жобасы орта білім беру ұйымдарында 2022 – 2023 оқу жылының басталуын, ұзақтығын және каникул кезеңін айқындайды.
Қосымша екі оқу аптасын қосу арқылы оқу жылының ұзақтығын ұлғайту бір күндегі сабақтар санын қысқартуға, бес күндік оқу аптасын іске асыруға, «күрделі» тақырыптарды зерделеу қарқындылығын төмендетуге, білім беру процесін дамыта оқыту қағидаттарында ұйымдастыруға мүмкіндік береді", - делінген хабарламада.