04 қаз, 2019 сағат 10:25

Мектепте еңбек ететін магистрлер тым аз – вице-министр

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари мұғалімдерді Ұстаздар күнімен құттықтап, Қазақстанда қазіргі уақытта 500 мыңға тарта ұстаз барын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі таңда Қазақстанда 500 мыңға тарта мұғалім мен педагог бар. Елімізде бүгінгі таңда мұғалімге шынында да, өте жауапты миссия жүктеліп отыр. Балаларға терең білім беріп қана қоймай, баланың бойында азаматтық мінез қалыптастыру – міне, ұстаздар осындай жауапты парызды арқалаған. Сөзсіз, мемлекет осы мамандықтың мәртебесі мен абыройын арттыру үшін қаншама шара қабылдап жатыр. 2016 жылдан бері бізде үстемақы жолға қойылды. Біліктілігін арттырған ұстаздарға да ақшалай қолдау бар», - деді ол Ұстаздар күніне арналған «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы: мұғалімнің әлеуметтік рөлін арттыру аспекті» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде.

Вице-министрдің айтуынша, мұғалімдерді жігерлендіру үшін елімізде «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы беріледі.

«Келесі жылдан бастап магистрлік білімі бар ұстаздарға 10 АЕК көлемінде қосымша ақы қосатын жаңа норма күшіне енеді. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта магистрлердің саны тым аз (мектепте еңбек ететін) – бар-жоғы 5 мың ғана. Менің ойымша, мұғалімдер мектепте шеберлігімен бірге біліктілік деңгейін де арттырып, ғылым саласында еңбек етуі керек», - деді ол.

Еске сала кетсек, осыдан біраз уақыт бұрын Үкімет отырысында «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы бекітілген болатын. Қазіргі уақытта заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр.

Бұған дейін Парламент Мәжілісінде «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын таныстыру барысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов магистр дәрежесі бар мұғалімдерге қанша ақша төленетінін айтқан еді.