Шетелге кету – әрбір азаматтың жеке шаруасы, бірақ елден кетіп, Ресейдің Украинадағы әрекетін сынау сатқындық. Ресейдің мемлекеттік РИА "Новости" агенттігіне берген сұхбатында Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев осылай деп мәлімдеді.
"Елден жәй кеткендер мен биліктің шешіміне белсене қарсы шығып, қарсы тарапқа өтіп кеткендер арасында үлкен айырмашылық бар" деді Медведев. Ол - бейбіт күндері билікті сынау қалыпты жағдай, ал соғыс немесе арнайы операция кезінде Кремльге сын айтып, Ресейге "жеңіліс тілеуді" сатқындық деп атауға келеді деп санайды.
Ресей әскері президент Владимир Путиннің бұйрығымен 24 ақпанда Украина аумағына кірген.
4 наурызда Путин Ресей армиясының әскері туралы жалған ақпарат таратып, әскердің беделіне нұқсан келтіргендерді қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы жарлыққа қол қойды. Мұндай әрекетке барғандарға 15 жылға дейін түрме жазасы қарастырылған.
22 наурызда мемлекеттік дума Ресей билігінің жұмысы жайлы жалған ақпарат таратқандарға жазаны күшейту туралы түзетулерді мақұлдады. Оған сәйкес, 5 млн рубль немесе он жылға дейін түрме жазасы қарастырылған.
Осыған дейін Ресей президенті Владимир Путин батыстың өмір салтына ұмтылатын адамдарды "сатқындар" деп атаған. Оның сөзіне қарағанда, Батыс елдері сондай адамдарға қолдау көрсетуге тырысады.