Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруге 132 млрд теңге бағыттайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Болат Төкежанов Орталық коммуникациялар қызметінде осындай жаңалығын бөлісті.
«Дәрігерлердің жалақысын 30% дейін және орта медицина қызметкерлерінің жалақысын 20% дейін арттыруға 132 млрд теңге бөлінді. Жалақыны арттыру Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының медициналық қызметтерге ақы төлеу тарифтерінде көзделген. Қазіргі уақытта еліміздегі дәрігерлер саны 76 мың штаттық бірлікті құрайды, оның 32 мыңы – бейінді мамандар», - деді қордың басқарма төрағасы.
Медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен 2023 жылға қарай экономикадағы орташа жалақыдан екі жарым есе жоғары деңгейге дейін арттыру көзделгені белгілі.
«2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 247 мың медицина қызметкерінің жалақысы өсті. 30% - дәрігерлердің, 20% орта медицина қызметкерлерінің еңбекақысы ұлғайды. Осылайша, 2023 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы шамамен 561 мың теңгені, орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 210 мың теңгені құрайды», - деді Болат Төкежанов