17 қаз, 2019 сағат 10:12

Медицина қызметкерлерінің кәсіби қызметіне араласуға тыйым салынбақ

Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің кәсіби қызметіне араласуға тыйым салынады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Медицина кадрларының біліктілігін арттыру мақсатында: кадрларды үздіксіз кәсіптік дамыту, оның ішінде меншік нысанына қарамастан медициналық ұйымның - жұмыс берушінің есебінен біліктілікті арттыру; медицина қызметкерлерін сертификаттау; резидентурада және кәсіби қызметтің бастаған кезде міндетті тәлімгерлік көзделеді», - деді ол Мәжілісте «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс жобасының жаңа редакциясын таныстыру барысында.

Оның атап өтуінше, мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ету үшін біліктілік деңгейіне сәйкес келетін ынталандыру төлемдерін ұсыну, сондай-ақ медицина және фармацевтика қызметкерлерінің жергілікті бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдауға арналған басым құқықтарын бекіту қарастырылады. «Медициналық оқиға» ұғымы және оны айқындау тетіктері енгізіледі. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің кәсіби қызметіне араласуға тыйым салынады.

«Көрсетілген түзетулерді қабылдау нәтижесінде кадрларды даярлау сапасы артып, халықтан түсетін шағымдар саны төмендейді. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің мәртебесі артады. Пациенттердің қауіпсіздігі жоғарылайды. Денсаулық сақтау қызметкерлерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуының алдын кесу, алдын алу және болдырмау мүмкіндігі пайда болады», - деді министр.