23 жел, 2021 сағат 18:30

Мәжілісте БАӘ-ден 6 млрд доллар инвестиция тартуға бағытталған заң жобасы таныстырылды


ҚР Парламенті Мәжілісінде «ҚР Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктері үкіметінің басым салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік құру туралы бірлескен декларациясын ратификациялау туралы» заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Құжат жобасын ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров таныстырды. 

Заң жобасындағы шетел инвестициясы тартылатын басым бағыттар ретінде энергетика, көлік-логистика, қаржы, ауыл шаруашылығы және фармацевтика салалары таңдап алынған. 

«Үкіметтің басты міндеттерінің бірі елген инвестиция тарту екенін білесіздер. Декларация бізге Біріккен Араб Әмірліктерінің ірі компанияларынан 6 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Негізінен энергетикалық инфрақұрылым салуға тартылады. БАӘ тарапынан «Абу-Даби» егеменді қоры - ADQ, сондай-ақ, активтерінің жиынтық сомасы 215 млрд доллардан асатын TAQA ұлттық энергетикалық компаниясы әріптес болады. Бұл компанияның әлемдегі 11-ден астам елде инвестициялық және басқару тәжірибесі бар», - деп бастады сөзін вице-министр.

Айтуынша, осы декларация аясында Қазақстанның энергетика жүйесін көміртегі бейтараптығына бейімдейтін бірлескен концорциум құрылмақ.

«Декларацияның негізгі міндетінің бірі – ADQ араб қорының үлесі 51 пайыз болатын, «Самұрық-Қазынаның» үлесі 49 пайыз болатын бірлескен энергетикалық концорциум құру. Холдингтің мақсаты Қазақстанның электр энергетикасы инфрақұрылымын жаңғыртып, жаңа нысандар салу болмақ. Әрине, холдинг жұмысының нәтижесі елдің энергетика өндірісіндегі жаңғыртылатын энегрияның үлесін қазіргі 3 пайыздан 2025 жылға қарай 6 пайызға дейін арттыру болады. Сондай-ақ, қолданыстағы электр стансаларын жаңғырту арқылы ауаға тасталатын зиянды заттардың үлесін азайту көзделген. Декларацияны іске асыру 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу міндетін іске асрыуға елеулі үлес қосады», - деді Әлішер Әбдіқадыров. 

Оның мәліметі бойынша деклрация аясында Қазақстан тарапына мынадай міндеттемелер жүктелмек:

- Жаңартылатын энергия көздері бойынша оффтейк-келісімшарттар бекіту;

- Қажетті инженерлік инфрақұрылым төсеу;

- Жобаларды жүзеге асыру үшін жалға жер телімдерін ұсыну;

- Энергетика, құрылыс салаларында халықаралық реттеу стандарттарын енгізу;

Ал БАӘ тарапының міндеттері:

- Стратегиялық жобаларға жеңілдік шарттарымен инвестиция тарту;

- Экономиканың негізгі салаларында жетекші халықаралық технологияларды тартып, іске қосу;

«Декларация мына салалар бойынша да жобаларды іске асыруды көздейді:

Бірінші – 50 млн долларға ұсақ мал өсіретін ферма құру. Соның негізінде жыл сайын 8 мың тонна қой етін өндіру қажет. Өндірілген еттің негізгі бөлігі БАӘ- ге экспорттау жоспарланған.

Екінші – 24 көтерме-тарату орталығының желісін дамытуға 28 млн доллар инвестиция тарту, ADQ және «Қазына Капитал Менеджмент» арасында капитал мөлшері 100 млн доллар болатын венчурлық қор құру. Сондай-ақ, фармацевтика саласындағы ынтымақтастық орнатуға болады», - деді Ұлттық экономика министрінің орынбасары.

Заң жобасының таныстырылымына Мәжіліс депутаттарымен бірге «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, мүдделі министрліктердің басшылары, қоғамдық ұйымдар мен парламенттік емес саяси партия мүшелері қатысты.

Мәжіліс өкілдері заң жобасында екі тараптың міндеті мен құқығы туралы мәліметтер нақтыланбағанын, қаржылық есептер толық сарапталмағанын алға тартып, құжатты қайта пысықтап ұсынуды сұрады. 

Талқылау барысында толыққанды жауап берілмеген мәселелер бойынша нақты жауап болған кезде ғана декларацияны ратификациялау мәселесі қаралады.