13 қар, 2019 сағат 10:42

Мәжілісте әлеуметтік төлемдердің мөлшерін арттыруға негізделген заң жобасы мақұлданды

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Аталған заң жобасы 2019 жылғы 12 маусымда Мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданған болатын.

«Заң жобасы сақтандырудың қағидаттарының, әлеуметтік әділдіктің сақталуы ескеріле отырып, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін дамытуға, еңбек өтілі мен төлем мөлшерлері арасындағы өзара байланысты күшейтуге, халықты міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыстыру үшін ынталандыруды қалыптастыруға бағытталған», - деді депутат Айгүл Нұркина.

Заң жобасында еңбекке қабілеттіліктен айырылу коэффициентін айқындаудың жаңа тетігі көзделеді. Ол әрбір жағдайға жеке тәсілмен қарауға негізделеді. Қолданыстағы заңнамада орташаланған коэффициенттерді қолдану көзделген. Осы орайда еңбекке қабілеттіліктен айырылу коэффициентін медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшелері анықтаған одан айырылудың жеке дәрежесіне сәйкес белгілеу ұсынылады. Соның нәтижесінде еңбекке қабілеттіліктен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшерін ұлғайту күтіліп отыр.

Бұдан бөлек, қатысу өтіліне 5 жыл толғаннан кейін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілінің қол жеткізілген коэффицентін жыл сайын 2 пайызға арттыру көзделеді. Бұл норма міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі мен әлеуметтік төлемдердің мөлшерлері арасындағы өзара байланысты күшейтеді.

Мұнымен қоса, жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдерді есептеудің жетілдірілген тетігі ескерілген. Атап айтқанда, заң жобасында қатысу өтілі 5 және одан көп жыл болған адамдар үшін жұмысынан айырылу себебіне қарамастан, 6 айға дейінгі мерзімге жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындау көзделеді.