Мәжілістің жалпы отырысында депутат Фахриддин Қаратаев ел өңірлерінде сапасыз салынған үйлерді тексеруді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің депутаттық сауалымызға өңірлердегі іс-сапар барысында тұрғындар мемлекет тарапынан халыққа берілген тұрғын үйлер құрылысының сапасы нашарлығын жеткізіп, әсіресе, мемлекеттік бағдарламалар бойынша пайдалануға тапсырылған үйлердің сапасы сын көтермеуіне байланысты халық наразылығын білдіруде. Баршамызға белгілі, жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің Президенті салынып жатқан жаңа үйлердің саны мен сапасын тексеруді тапсырған болатын. Атап айтсақ, ондаған жылдар бойы кезек күтіп, баспанаға әрең қол жеткізген тұрғындардың өкпесі қара қазандай. Өйткені үйлерінің шатырынан су сорғалап, кірпіші құлаған, қабырғасы жарылып, көтеріліп, едені опырылған, сырты түсе бастаған», - деді Ф. Қаратаев Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.
Оның айтуынша, сапасыз үйлердің басым бөлігі «Нұрлы жер» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар аясында салынған және ипотека арқылы әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілген.
«Өкінішке қарай, аталған тұрғын үй кешендерінде қаншама халық жанын шүберекке түйіп амалсыз өмір сүруде. Ертең осы үйлер құласа бұған кім жауапты болмақ? Бұл дегеніңіз өте өзекті және кезек күттірмес үлкен мәселе. Жоғарыдағы мәселенің өзектілігін ескеріп, республикалық комиссия құруды, оның құрамына қоғам белсенділерін және тұрғын үй алушыларды енгізуді ұсынамыз. Сонымен қатар, барлық облыстардағы, қаладағы проблемалық тұрғын үйлерді қайта тексеруден өткізіп, үйлерде тұру қауіпсіздігін, авариялық деңгейін анықтау керек. Республика бойынша тұрғын үйлерді қабылдайтын тиісті жергілікті атқарушы органдарды тексеріп, кінәлілерді жауапқа тартуды, депутаттық сауалға заңнамаға сәйкес жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз», - деді депутат.