Мәскеу түбінде оңшыл радикал философ, "орыс әлемінің" идеологы Александр Дугиннің қызының көлігі жарылды. Бұл жөнінде Baza және Mash телеграм-арналары хабарлады. Кейін бұл ақпаратты "Донецк халық республикасының жетекшісі" Денис Пушилин растады. Оның сөзінше, оқиғаға "украин режимі террористерінің" қатысы бар. Ол шабуылдаушылар "Дарияның Дугинаның әкесін өлтірмек болған" деді.
Куәгерлердің сөзіне қарағанда, көлік жылжып бара жатқан кезде жарылған. Рульде отырған әйел адам опат болды. Baza мәліметінше, құқық қорғау органдары оқиғаны "адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша тергеп жатыр.
Дария Дугина әкесі жетекшілік ететін Халықаралық Еуразия қозғалысының саяси шолушысы болған.
Құқық қорғау органдары Дугинаның көлігі жарылғанын ресми түрде растамады. ТАСС агенттігі дереккөзге сүйене отырып, Мәскеу түбінде көлік жарылғанын, жүргізушісінің қаза болғанын жазды. Алайда нақты аты-жөнін атамады.
Америка ақпарат құралдары Александр Дугинді "Путиннің ақылшысы" (“Putin’s brain”) деп атайды. Александр Дугин – "орыс әлемі" идеологтарының бірі. Ол Украинаға орыс әскерін кіргізіп, тұтас аумағын басып алуды қолдаған. Дугин идеяларының Кремль саясатына ықпалы бар деп айтылады.