Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде әйел медициналық масканы отқа жағып отырғаны түсірілген видео тарады. Видеодан масканың жанбай, ери бастағанын көруге болады. Осыдан кейін әйелдер материалдың улы екенін мәлімдеді. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігіндегілер бұл ақпаратты жоққа шығарды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Кадрда әйелдер Қара теңізде екенін және масканы отқа жағып отырғанын айтады. Маска отта балқи бастаған кезде роликтің авторы оның пластиктен жасалғанын және адам денсаулығына айтарлықтай кері әсер ететінін мәлімдеді.
"Біріншіден, бұл видео Қазақстанда емес, Ресейде түсірілген және елімізге еш қатысы жоқ. Екіншіден, бізде сатылатын маскалардың сапасы өте жоғары және санитарлық талаптарға сай", - деді ведомстводағылар.
Медициналық масканың отқа жанбай, еруі қызық немесе ерекше жайт емес. Жеке қорғаныс заттары арнайы материалдан жасалады, ол - спанбонд. Ол синтетикалық, матаға жатпайтын материал, ол беріктігімен, жоғары және төмен температураға төзімімен, су өткізбеу және инфекциядан қорғауға қажетті өзге де қасиеттерімен ерекшеленеді. Спанбонд улы зат емес, ол синтетикалық материал. Оны өртеген кезде ол расымен де балқиды, бірақ зиян заттар шығармайды. Роликте айтылған пластик медициналық маскаларды жасау кезінде қолданылмайды. Осылайша, бұл видео маскалардың улы екенін дәлелдей алмайды, ал авторлардың мәлімдемелері қате.