© Sputnik / Владислав Воднев
Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Асқар Әмірханов ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің ісіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әмірханов қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов те жұмысқа келгенін айтты. Бірақ ол экс-төраға қандай тапсырма бергенін айтпады.
Журналистер Әмірхановтан Кәрім Мәсімовтің қамауда ұстау мерзімі қашанға дейін ұзартыла беретінін сұрады.
"Күзге қарай айқын болады деп ойлаймын", - деді ол.
Сол уақытта сот өте ме деген сұраққа "иә" деп жауап берді. Соттың ашық не жабық өтетінін сот органдары анықтайтынын айтты.
"Менің білуімше, іс материалдары құпияланған. Сол себепті жабық өтуі де мүмкін. Мұны енді сот органдары анықтайды. Өйткені ол жерде мемлекеттік құпия бар", - деді Әмірханов.
Бұған дейін Асқар Әмірханов ҰҚК төрағсының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіштен де жауап алынып жатқанын мәлімдеді.