Фото: kaz.tengrinews.kz
Жедел басқару орталықтарына мектептегі бейнекамерлардың тек 62 пайызы қосылған. Бұл туралы Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, білім беру ұйымдарында кешенді тексеріс жүргізіп жатырмыз. Тексерісті мектептерден бастадық, өйткені барлық мекемелердің 60 пайызы – мектептер. Бүгінгі күні ірі қалаларда олардың көпшілігі дабыл түймелерімен, турникеттермен және бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Дегенмен, Жедел басқару орталықтарына бейнекамераның тек 62 пайызы ғана шығарылған. Кейбір облыстарда жағдай одан да нашар. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында – 24; Алматы облысында – 35, Ақтөбе облысында – 41 пайыз ғана. Бұл өңірлерде халықпен кездесу барысында жалпы осы мәселені әкімдіктер алдында көтердім. Бұл мәселеде жүйелік проблема да бар», - деді министр.
Оның атап өтуінше, бірқатар білім беру ұйымдары мен байланыс каналдары компаниялары арасында тіпті келісімшарт жасалмаған. Мемлекеттік сатып алу процедуралары «қағаз бастылыққа» салынуда. Нәтижесінде, бейнебақылау жүйелері Жедел басқару орталықтарына қолжетімсіз.
«Мысалы, Петропавл қаласында 15 мектепте тиісті шарттар тек ақпанның соңында ғана жасалған. Оның ішінде жуырда төтенше жағдай орын алған №4 мектеп те бар. Солтүстік Қазақстан облысында 201 мектеп бойынша мемлекеттік сатып алу мәселесі әлі күнге дейін аяқталмаған. Маңғыстауда – 154. Ақтөбеде – 107. Абай облысында – 19. Заңнамаға сәйкес мемлекеттік сатып алу қорытындысы шыққанға дейін, күзет пен дабыл және басқа да қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз ету мәселесі бойынша 2 айға дейін «бір көзден» келісімшарт жасауға мүмкіндік бар. Бірақ, ешкім бұл норманы қолданбайды», - деді ол.