Маңғыстау облысында мемлекетке 760 млн теңгеден астам шығын келтірген екі компания қызметкерлері сотталды, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызмет.
«Қолма-қол ақшаға айналдыратын» компаниялар тауарларды сатпайды және қызмет көрсетпейді, бірақ қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, басқа фирмаларға ақшалай сыйақыға жалған құжаттар жасайды.
Бұл заңсыз әрекеттерді жасағаны үшін ҚР ҚК 216-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік жүктеліп, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», делінген хабарламада.
Агенттіктің Маңғыстау облысы бойынша аумақтық департаменті материалдық сыйақы үшін жалған шот-фактураларды жазып берудің екі дерегін анықтаған.
«Бірінші жағдайда кәсіпкер Ә.Қосбармақов Жаңаөзен қаласында «Өзен-Ақжол» ЖШС және «Қосбармақов Әділет Аманкелдіұлы» ЖК атты екі компания құрды. Жүк тасымалы және қызмет көрсету бойынша негізгі қызметтің орнына екі кәсіпорын атынан 3,1 миллиард теңгеден астам сомаға 7 компанияға жалған бухгалтерлік құжаттарды жазып беру жүзеге асырылған», деп мәлімдеді ведомстводан.
Осыған ұқсас дерек Ақтау қаласында да анықталған.
«И.Агатаев пен М. Әбілев «Бөрі Ақтау» ЖШС-ын құрып, бір топ тұлғалармен алдын ала сөз байласу арқылы іс жүзінде жұмыстар орындамай және қызметтер көрсетпей, 1,5 миллиард теңгеден астам сомаға шот-фактуралар жазып берген», делінген хабарламада.
Осы компаниялардың заңға қайшы әрекетінің нәтижесінде мемлекетке төленбеген салық түрінде 767 миллион теңгеден астам залал келтірілген. Агенттіктің мәлімдеуінше, барлық кінәлі адамдар әртүрлі мерзімге сотталған.