Ақтау қалалық соты Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жамал Жаманбаеваға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Сотта анықталғандай, Ж.Жаманбаева Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы болған уақытта белгіленген лауазымдық міндеттері мен шектеулерге қарсы әрекет ете отырып, 2020 жылы тамыз айында «Covid-19» инфекциясының республика аумағында кең таралуына сай, тиісті қаржы бөлінбестен бұрын, 222 000 000 теңгеге «Сentropharm» ЖШС-мен 6 дана жылжымалы рентген аппараттарын бір көзден сатып алу туралы шарт жасасқан. Аппараттарды сатып алу үшін 2020 жылғы бюджеттік жоспарға нарықтық құнынан жоғары бағамен бюджеттік өтінім дайындап, облыстық маслихатқа медициналық жабдықтарды сатып алу үшін қаржы бөлу туралы ұсыныс білдірген. Нәтижесінде қалалық маслихаттың шешімімен аталған қаржы бөлінген.
Алайда мемлекеттік мекемелерді материалды-техникалық қамтамасыз ету талаптарына сай облыстық қазынашылық департаментінен келісімшарт тіркеуден өтпеген.
Осыдан соң Ж.Жаманбаева бағынышты медициналық мекемелер арқылы сатып алу мақсатында аудандық емхана директорларына «Сentropharm» ЖШС-мен жылжымалы рентген аппараттарын бір көзден сатып алу тәсілімен келісімшарт жасауды талап еткен.
Осылайша Ж.Жаманбаева әрбір жылжымалы рентген аппараттарын заңсыз жоғары бағамен сатып алуға ықпал ету арқылы мемлекетке барлығы 29 540 000 теңге залал келтірген.
Сотталушы сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде кінәсін мойындап, келтірілген шығынды өтеп, кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісімге келген.
Басты сот талқылауында сотталушы кінәні мойындау туралы процестік келісімді толықтай қолдайтынын және іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді дауламайтынын айтты.
Сот жаза тағайындау кезінде сотталушының кәмелетке толмаған балаларының барын, жұмыс орнынан жағымды мінездемесін қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде қабылдады.
Сот үкімімен Ж.Жаманбаева ҚР ҚК-нің 361-бабы 4 бөлігінің 3) тармағымен кінәлі деп танылып, судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінде және оның ведомстволарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.