Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына сыртқы сараптама жүргізіледі. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Тек денсаулық сақтау ғана емес мемлекеттік басқарудың өзге де салалары белгілі бір дәрежеде жемқорлыққа жол беріп алады. Ал денсаулық сақтау саласына қатысты айтар болсам, таяуда «СҚ-Фармация» ЖШС қызметіндегі жемқорлық тәуекелдерге сыртқы сараптаманы аяқтадық. Жемқорлық тәуекелдерді төмендету, жалпы дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың бірыңғай дистрибьюторы қызметінің тиімділігін арттыру бойынша кешенді ұсыныстар енгізілді. Күні кеше ғана бірлескен бұйрыққа қол қойылып, енді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына сыртқы сараптама бастаймыз», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, агенттік қызметкерлері Денсаулық сақтау министрлігінің, аталған қордың мамандарымен бірлесіп, ұйым қызметіндегі жемқорлық тәуекелдерді жою мәселелерін қарастыратын болады.
«Індет кезінде еліміздің бірқатар өңірінде өкпені жасанды желдету аппараттарын жоғары бағамен сатып алудың бірнеше фактісі анықталды. Біз бұл ақпаратты жан-жақты жеткіздік. Толықтай алғанда, кез келген саладағыдай тәуекелдер, заңбұзушылықтар бар. Бірақ, оларды жаппай орын алып жатыр деуге болмайды. Мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігі адал, парасатты адамдар», - деді Олжас Бектенов.