18 қыр, 2019 сағат 15:36

Мамин Ұлттық олимпиада комитетінің басым міндеттерін айқындап берді

Бүгін ҚР Ұлттық олимпиада комитеті Бас ассамблеясының отырысында ел Премьер-Министрі Асқар Мамин аталған ұйымның алдындағы басым міндеттерді айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Олимпиадалық спорт түрлерін ұйымдастырудың қолданыстағы жүйесі командаларымыздың жаттығу процесін тиімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сіздердің назарларыңызды әсіресе өсіп келе жатқан буынға аудартқым келеді. Олардың арасында көптеген таланттар бар. Біздің ортақ мақсатымыз - оларды тауып оқыту және ірі әлемдік жарыстарда жеңіске жеткізу. Бұл тармақ әрбір федерация үшін басымдық болып саналады», - деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы ұлттық құрама командамыз 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарында лайықты өнер көрсету үшін қазірден бастап бар күш-жігерді жұмсау қажеттігін айтты.

«Тәжірибелі бапкерлеріміз, дарынды спортшыларымыз, жалпы әлеуетіміз бар», - деді ол.

Сондай-ақ, Премьер Ұлттық олимпиада комитеті елімізде спорттың қарқынды дамуына үлкен үлес қосып отырғанын айтты.

«Өздеріңіз жақсы білесіздер, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағытының арқасында Тәуелсіздік жылдары қазақстандық спортшыларды дайындаудың тиімді жүйесі құрылды. Алғаш рет 1994 жылы норвегиялық Лиллехаммер қаласында өткен Олимпида ойындарына қатыса бастаған кезеңнен бері ұлттық құрама 71 медаль жеңіп алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған Жолдауында бұқаралық спортты дамыту міндетін қойды. Бүгінгі күні елімізде дене шынықтыру және спортпен 5 миллионға жуық адам айналысады.

Бұл - халықтың арасында спорттың жаппай таралуына үлкен мән беріліп отырғанының айқын дәлелі. Қазір барлық жағдай жасалған. Жаңа спорт нысандары ашылуда. 38 мыңнан астам әртүрлі деңгейдегі спорт кешендері бар. Ал балаларға 471 спорт мектебінде спортпен айналысуға мүмкіндік жасалған.

Осы іске асырылып жатқан шаралардың барлығы салауатты ұлтты қалыптастыру мен дамытудың негізі болып саналады. Қазіргі таңда балалар және жастар спорты, бұқаралық спорт, кәсіби спорт жан-жақты дамуда. Осы ретте спорттың елімізде қарқынды дамуына Ұлттық олимпиада комитеті үлкен үлес қосуда», - деді отырыс барысында Үкімет басшысы.