08 жел, 2020 сағат 19:44

Махаббат Бекбосынова коронавирус көбіне қай жерлерде жұғатынын айтты

Науқастардың 90 пайызы инфекцияны отбасылық тойларда жұқтырған. Бұл туралы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Махаббат Бекбосынова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жаз айларында ковид орталығы ретінде жұмыс істеген кезімізде, короновирустың ауыр формасына шалдыққан науқастарды қабылдадық. Ем-дом алған науқастардың 90 пайызы инфекцияны түрлі іс-шараларда, яғни үйлену тойында, туған күн, құдалық секілді дәстүрлі жиындарда жұқтырған. Бұл - өз кезегінде үлкен проблема. Сондықтан адамдар көп жиналатын жерге бармауға кеңес беремін. Негізгі талаптарды ұстанып жүрген, індет жұқтырмаған жақсы таныс адамдармен кездесуге болатын шығар, алайда отбасылық және басқа да үлкен жиындарға, сауда орталықтарына барған әлі де қауіпті», - деді М. Бекбосынова. 

Оның айтуынша, статистика бойынша инфекция көбіне қоғамдық көлікте, сауда орталықтарында, көпқабатты үйлердің лифтісінде тарайды. 

«Сақтық іс-шараларына мән беріп, маска тағып, арақашықты сақтау керек. Ауырғанда көшеге шығудың қажеті жоқ. Осы жайында дәрігерге хабарлаған жөн. Тұрғылықты жердегі емханамен байланыста болу қажет. Індет жайында ертерек хабарланса, ем-дом нәтижелі болады. Ең бастысы, жаз айларындағы ахуал қайталанбауы тиіс. Ол кезде індеттің таралу ошағы кеңейген еді. Бұл өз кезегінде медицина қызметкерлері үшін үлкен сынақ болды. Алда мереке күндері келе жатыр, барша Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!», - деді Махаббат Бекбосынова.