Нұрсұлтан Назарбаев МАГАТЭ-нің бұрынғы Бас директоры, Нобель сыйлығының лауреаты Мохаммед Эль-Барадеймен және Жаһандық қауіпсіздік институтының президенті Джонатан Граноффпен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚР Тұңғыш Президентінің ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев «Астана клубының» отырысына қатысқаны үшін Мохаммед Эль-Барадей мен Джонатан Граноффқа алғыс білдірді.
«Мохаммед Эль-Барадей МАГАТЭ-ны ядролық қаруды таратпауға жауапты негізгі органға айналдырды. Біз Сізбен бірге Қазақстанда төмен байытылған уран банкін құруды бастадық. Бұл өте маңызды оқиға болды. Біздің елімізге аз байытылған уранның алғашқы партиясы келді», - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Сондай-ақ, Елбасы Жаһандық қауіпсіздік институтының ядролық қаруды таратпаудағы маңызды рөлін атап өтті.
«Қазақстанның ядролық қарусыздану мәселесіндегі рөлін жақсы білесіздер. Біз ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған барлық мәселелерге белсенді қатысып жүрміз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Өз кезегінде МАГАТЭ-нің бұрынғы Бас директоры Қазақстан ядролық қарусыз әлем құру идеясын қолдайтындығын іс жүзінде дәлелдегенін айтты.
«Сіз ядролық қарусыздану саласындағы жетекші рөліңізді дәлелдедіңіз. Қазақстан өз сөзін нақты іс-әрекеттермен растады, ядролық әлеуеттен бас тартты, Семей полигонын жапты. Енді Сіздің күш-жігеріңізді ғаламдық және жергілікті деңгейдегі сұрақтарға бағыттау мүмкіндігі маңызды болып отыр», - деді Мохаммед Эль-Барадей.
Өз кезегінде, Ғаламдық қауіпсіздік институтының президенті Қазақстанның Тұңғыш Президентінің жаппай қырып-жою қаруын таратуға қарсы іс-қимылын жоғары бағалады.