18 шіл, 2022 сағат 20:22

Лицензия талап еткеннен кейін балабақша саны азайып кетпей ме?


ҚР Оқу-ағарту министрлігінің білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова балабақша қызметіне лицензия беру ережесін енгізуге қатысты сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Министрлік енгізгелі отырған лицензиялау құралы балабақшалардың санын азайтып, жабу мақсатын көздемейді. Бұл жерде балабақша саны азаю қаупі төніп тұрған жоқ. Осы күнге дейін қалай жұмыс істеді, солай жалғастыра береді. Балабақша лицензия алу арқылы сапалы және заңға сай тәрбие-білім беріп жатқанын дәлелдейді. Одан кейін әр 5 жыл сайын мемлекеттік аттестациядан өтіп лицензиясын ұзартып отырады», - деді Гүлзат Көбенова министрліктің «Oqu-ağartu LIVE» жобасының эфирінде. 

Комитет төрағасының айтуынша, балабақша қызметін лицензиялау әлемдік тәжірибе. 

«Кез келген мемлекетте мектепке дейінгі ұйымдар қызметіне қойылатын талаптар бар. Аталған талаптар кейбір елде лицензиялау арқылы ал кейбірінде аккредитациядан өту арқылы орындалады», - дейді ол. 

Сондай-ақ, министрлік өкілі лицензиялау процесінің адамның қатысуынсыз жүретіндігін айтты. 

«Барлығы электрондық лицензиялау порталы (е-лицензирование) арқылы іске асырылады. Бұл жерде қағаз, құжат алмасу болмайды. Яғни барлығы автоматтандырылған. Балабақша басшысы немесе иесі мен лицензия алуға дайынмын деп өтініш береді. Қалған шаруаны электрондық лицензиялау порталы автоматты түрде өзі орындайды», - деді Көбенова эфир барысында.