14 сәу, 2017 сағат 18:47

Латынға көшкеннен кейін кирилл қарпінде басылып шыққан кітаптардың тағдыры не болмақ?

Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының қызметкері, филология ғылымдарының докторы Әлімхан Жүнісбек kaz.tengrinews.kz тілшісіне латын әліпбиіне көшкен соң кирилше жазылған қазақ тіліндегі кітаптардың тағдыры қандай болатынын айтып берді.

"1929 жылы араб тілінен кирилл қарпіне өткенде бірде-бір туындымызды жоғалтқан жоқпыз, осы жолы да солай болады. Біздің жазушыларымыздың басты еңбектерінің барлығы қайта басып шығарылады. Олар латын тіліне қарамастан жыл сайын қайта басылып шығарылатын", - деді Әлімхан Жүнісбек.

Оның айтуынша, латын әліпбиіне көшкен соң барлық кітап көшіріліп басылады. "Өзекті туындылар ғана қайта басылып шығарылады. Ғылыми еңбектерді іздеген адамдар оны тауып, оқитын болады. Ал жалпы қоғамдағылар бұл материалдарға аса қызығушылық танытпайды. Сіздер балаларыңызға ежелгі түріктердің шығармаларын оқып отырмайсыздар ғой?!", - дейді ғалым.

Сарапшының айтуынша, ғылыми кітаптың қай тілде жазылғаны маңызды емес. Себебі мамандар оларға мәлімет қажет болса, оны табудың жолын біледі.

"Қазіргі уақытта біздің ғалымдар ежелгі түріктердің және орта ғасырлардағы түріктердің жазуларын зерттеп жатыр. Ол жазуларды қазір ешкім қолданып жүрген жоқ. Сондықтан да ғылыми материалдарды тек сол саладағы мамандар іздейді. Жалпы қоғам үшін ол материалдар қызық болады деп ойламаймын. Қазір материалдардың көбі кириллицаға аударылып жатыр. Керек болса, адам қажетті материалын кез келген тілде жазылған нұсқасын таба алады", - деді Әлімхан Жүнісбек.

Әлімхан Жүнісбектің айтуынша, қазақтарға латын әліпбиіне көшуге 2-3 жыл жетеді: "Негізінде бұл қиын мәселе. Балалар 1-сыныптан бастап латын әліпбиін оқып, 10-11-сыныпқа жеткен кезде ғана бұл мәселе шешілетін шығар. Барлығы біздің кітаптарды, оқу-әдістемелік құралдарды және мұғалімдерді қалай дайындайтынымызға байланысты болып тұр. Қазір қазақстандық мектептер ағылшын тілін оқып жатыр, Шекспир мен басқаларды оқып жатыр. Кімнің шамасы жетеді және кім қызығушылық танытады сол кириллицада оқитын болады. "Война и мирды", Чеховты және басқаларын да оқиды. Бұдан бір проблема жасаудың қажеті жоқ".

Сондай-ақ, филология ғылымдарының докторы ғалымдардың әліпбиді қалай құру мен ондағы ережелерді өзгертуге қатысты бір шешімге келгендерін айтып өтті.

"Қазір лингвистикада ештеңені түсінбейтіндер жүздеген нұсқаларын ұсынып жатыр. Қазір байқау жариялайтын болсақ, 10 мың студент 10 мың ұсынысын айтады. Мұнда бір лингвистикалық негізі бар фундамент болуы керек. Көпшілігі қазақ тілінде қанша дыбыстың бар екенін де білмейді. Яғни, менің айтқым келгені көбі қазақ тіліндегі байырғы сөздерге қатысты морфологиялық, буын жасаушы дыбыстарға қатысты ережелерді білмейді, бірақ өздерінің әліпбиін ұсынады. Сіз 100 нұсқа дегенді түсініп отырсыздар ма? Себебі барлығы бір әріпті басқа әріпке ауыстырсақ мәселе шешіледі деп ойлайды. Бірақ лингвистикалық заңдылықтар, теориялар, тәжірибе деген бар ғой. Сондықтан бұл мәселемен тіл мамандары айналысу керек. Тіл мамандарының ішінде фонетика мамандары бар. Әйтпесе мұнда бәрі түсініксіз болады", - деді Әлімхан Жүнісбек.

Маманның айтуынша, қазақ сөздерін дұрыс жазу үшін 28 әріп керек.

"Халықаралық терминдер де бар, оларды қалай жазу керектігін ойластыру қажет. Меніңше, көне қазақ сөздерін қалай жазатынымыз бен кірме сөздердің жазылу мәселесін бөлек қарастыру керек. Ойлап табудың қажеті жоқ. Ресейліктердің өздері латын әліпбиіндегі түрлі атауларды жазып жүр. Мәселенің шешілуі оңай", - деп атап өтті ол.

Сонымен қатар, Әлімхан Жүнісбек латын әліпбиіне көшу үшін қыруар қаржы қажет емес дейді. "Көп қаржы керек жоқ. Мұғалімдер, полиграфия қызметкерлері мен өзге де мамандарды даярлауға ғана қаржы жұмсалады. Басқа ештеңе керек емес. Мәселен, "Абай жолын" 100 мың долларға басып шығарамыз. Латын әліпбиімен басып шығарсақ та, сол 100 мың доллар жұмсалады. Мұнда ешқандай артық ақша жұмсауға болмайды. Өз кәсіпорындарының атауын қайта жазып шығуға бизнесмендердің өздері қаржы таба алады. Көше атауларына келсек - барлық көшелерде тақтайшалар ілініп тұрған жоқ. Осыған миллиардтаған қаржы кетеді деп ойлайсыз ба? Дегенмен кез келген реформаға қаржы керек. Бірақ миллиардтаған емес. Мен түрлі сандарды естідім. Мұның бәрі өзін-өзі алдау. Қазақ тіліне реформа жасағысы келмейтін адам сылтау табады", - дейді маман.

Сонымен қатар, ол "Қазақстан" сөзі латын әліпбиінде қалай жазылатынын түсіндіріп берді: Қазақстан "Q" әрпі арқылы жазылады. Орыс тілінде Қ әрпі жоқ. Олар Қазақстан сөзін өздігінше оқитын болады. Ағылшын тілінде Q әрпі бар. Мұнда Q әрпін қашан Қ әрпі ретінде оқу керектігі жайын анықтап алу керек.

Қазақ тілі талай өзгеріске ұшырады. VII-IX ғасырларда қазақтар руна жазуын пайдаланды. Ислам діні жайылғаннан кейін арап әріптері кірікті. Кейін 1929 жылғы дейін араб әріптері икемделіп, төте жазу қолданылды. Кейінгі 10 жылда қазақ тілін латын әліпбиіне көшуге тырысты, ал 1940 жылы Қазақстанда жаппай кириллица қолданыла бастады.

Еске сала кетейік, осыған дейін Қазақстан Президенті "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласында жыл соңына дейін латын әліпбиіне көшу жобасын даярлауды ұсынған болатын. "Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес", - деген еді Мемлекет басшысы. 

Атап айтқанда, Назарбаев ғалымдар, филологтар, лингвистер мен түрлі сала мамандарымен жыл соңына дейін үсыныстарды талқыланатынын айтты.