07 шіл, 2022 сағат 10:10

Лариса Пакқа қатысты қылмыстық істі тергеушілердің үстінен іс қозғалды


Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитеті бұрынғы төрағасының міндетін атқарушы Лариса Пакқа қатысты қылмыстық істі тергеуге қатысқандардың үстінен іс қозғалды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Антикорға сілтеме жасап.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитеті бұрынғы төрағасының міндетін атқарушы Лариса Пакқа қатысты қылмыстық істі тергеуге қатысқан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының бұрынғы қызметкерлерінің рұқсат етілмеген тергеу әдістерін қолдану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

2017 жылдан бастап 2018 жылға дейінгі кезеңде жедел-тергеу тобы қылмыстық істі тергеді, ол кейіннен қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. 2019 жылдың 6 шілдесінде іс бойынша күдікті Л.Ю. Пак қайтыс болды. 2020 жылдың 7 желтоқсанында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Лариса Пак әрекеттерінде қылмыс құрамының болмауына байланысты толық ақталғанын хабарлады" - делінген ведомство мәліметінде.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының құқықтық мұрагері ретінде Лариса Юн-Бойевна Пактың туыстарына көңіл айтып, келтірілген зиян үшін ресми кешірім сұрады.

Тергеу жалғасуда. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.