05 нау, 2021 сағат 12:55

Қызылордада екі медициналық мекеме теріс нәтижесі бар ПЦР сынамаларының сертификатын сатқан

Қызылорда облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі 2020-2021 жылдары теріс нәтижесі бар COVID-19 ПЦР сынамаларының сертификатын сатумен айналысқан екі медициналық мекеменің қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істі тергеуде, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның Телеграм каналына сілтемемен.

ПЦР сынағының сертификаттары әр түрлі мақсаттарда пайдалануға арналған: вахталық әдіспен жұмыс істейтін жұмысшылар, шетелге саяхаттайтын адамдар, Байқоңыр қаласына кіретін және т.б.

Сонымен бірге, медицина қызметкерлері 1 анықтама үшін 7 мың теңге көлемінде заңсыз сыйақы алған. Олар бұл ақшаны Ұлттық сараптама орталығы облыстық филиалының лауазымды тұлғаларына пара беру қажеттілігін сылтауратып алып отырған.

Ағымдағы жылдың басынан бері Қызылорда облысының тұрғындарына ПЦР тестісінен өткендігі туралы 60 жалған куәлік анықталды.

Осылайша, медицина қызметкерлерінің қылмыстық іс-әрекеттерінің кесірінен облыс азаматтарына дерт жұғу қаупі төнген.

Жедел іздестіру кезінде ПЦР COVID-19 сынамаларының жалған сертификаттары жасалған компьютерлік жабдық пен мөр тәркіленді.

Медицина қызметкерлері кінәсін толық мойындауына байланысты қамалған жоқ.

Тергеу мүдделеріне қатысты басқа ақпарат жария етілмейді.