07 қыр, 2021 сағат 15:52

Қызылордада 20 жастағы тұрғын біреудің үйінің ауласында тұрған қымбат көлігін ұрлап кетті


Қызылорда облысында 20 жастағы тұрғын біреудің ауласында тұрған қымбат көлікті ұрлап, мініп кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оқиға Қызылорда облысы Қармақшы ауданында болды. Жергілікті полиция бөліміне аудан тұрғыны үйінің ауласында тұрған «Ниссан Максима» автокөлігін белгісіз біреу ұрлап кеткені туралы арызданды. Жәбірленушіге келтірілген шығын - 4 млн 500 мың теңге. 

«Жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде ұрланған көлік бір жарым сағаттан кейін «Батыс-Қытай-Батыс-Еуропа» тас жолының бойында Дерментөбе ауылының тұсында табылды. Қылмыс жасаған 20 жастағы тұрғын аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Бұл бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.

Ведомство мәліметінше, аталған қылмыстық істі ашуда облыстық Полиция департаментінің жергілікті полиция қызмет басқармасы патрульдік полиция ротасының аға инспекторлары Жарасхан Буганаев пен Ердәулет Шалқарбаев қырағылық танытты.