30 мау, 2023 сағат 17:39

Гүлмира Сатыбалды 8 жылға сотталды

Фото ашық дереккөзден алынды

Қызылорда соты Гүлмира Сатыбалдыны 8 жылға бас бостандығынан айырды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қызылорда қаласының №2 сотында адамдар тобының алдын-ала сөз байласуы арқылы сеніп тапсырылған бөтен мүлікті талан-таражға салып, аса ірі мөлшерде жымқырған (ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы) 7 сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сотталушы С. 2018-2020 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауын жылумен жабдықтау жобасы бойынша жұмыс атқармай, алдын-ала сөз байласып, сеніп тапсырылған қаржыны аса ірі мөлшерде жымқырғаны, ал сотталушылар Б., Ж., Е., Қ. мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғалар бола тұра, алдын-ала сөз байласып, өздерінің қызмет бабын пайдаланып, сеніп тасырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде талан-таражға салу арқылы жымқырғаны, сотталушылар Д. мен Б. атқарылмаған жұмыстарға өткізу актісін жасақтап қол қойғандары анықталды" - делінген хабарламада.

Сотталушылардың қылмыстық іс-әрекетінен мемлекетке 441 млн. теңге зиян келтірілген.

Олардың кінәсі сотталушы Б.-ның кінәні мойындау туралы арызымен, құрылыс нысанына қатысты жүргізілген сот-тауартану және сот-экономикалық сараптамаларымен, «А» ЖШС-нің бухгалтері, есепшісі, құрылтайшыларының беттестіру жауаптарымен дәлелденген.

Прокурор сотталушы С.-ны – 8 жыл,  Б., Ж., Е., Қ. – 7 жылға бас бостандықтарынан айыруды, ал Д. мен Б.-ға – 7 жыл шартты жаза беруді сұрады. Ал сотталушылардың адвокаттары оларды ақтауды сұрады.

Жалпы мұндай қылмыс үшін ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағының санкциясында 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

"Сотталушы С. ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығын айыру жазасы тағайындалды.

Сотталушы С.-ға биылғы 4 мамырда Астана қаласы Байқоңыр аудандық №2 соты 7 жыл үкім кескен болатын. Осыны ескере отырып, ҚК 58-бабы 3,6-бөліктеріне сәйкес, қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға алмастыру арқылы түпкілікті жаза ретінде 8 жылға бас бостандығын айыру жазасы тағайындалды.

Сотталушылар Б., Ж., Е. және Қ.-ға өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айыра отырып, 7 жылға бас бостандығын айыру жазасы тағайындалды.

Ал Б. және Д.-ға 7 жылға бас бостандығын айыру жазасы тағайындалды. Жеңілдететін мән-жай барын, ауырлататын мән-жай жоғын ескеріп, тағайындалған жаза ҚК-нің 63 бабына сәйкес шартты деп белгіленді" - делінген хабарламада.

Мемлекетке келтірілген 441 млн. теңге шығын толықтай өндіріліп, қалпына келтірілген.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.