«Қызыл» аймақтардың қысқаруына вакцина алғандар санының артуы оң әсер етуде. Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин осылай мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Жалпы санитариялық-эпидемиологиялық жағдай жақсарып келеді. Өткен аптада ауру жұқтыру деңгейі 20 пайызға дейін төмендеді. Вирустың репродуктивтілік индексі 0,86-ны құрады. Науқастардың ауруханалардан және жансақтау бөлімдерінен шығуы бойынша оң серпін байқалады», - деді Үкімет басшысы.
Осы орайда Премьер-Министр 3 өңір Нұр-Сұлтан қаласы және Ақмола, Қарағанды облыстары «қызыл аймақта» тұрғанын айтты.
«Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде «қызыл аймақты» қысқартуды болжап отырмыз. «Жасыл аймақтағы» өңірлер саны - 8 және «сары аймақтағы» өңірлер саны 6-ға жетті. Бұл көрсеткіштерге ең алдымен вакцина алғандар санының артуы оң әсер етуде», - деді Асқар Мамин.