ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров қызметкерлердің сыбайлас жемқорлығы үшін басшылардың жауапкершілік институтын іске асыру барысы туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Саяси басшылардың отставкаға кетуіне қатысты тоқталсақ, заңнамалық норма енгізілген сәттен бастап 7 шенеунік қызметінен босатылды. 10 әкім түрлі тәртіптік жауапқа тартылды. Соңғы істер бойынша айтсақ, өз орынбасарына қатысты сот үкімін күтпей Ақмола облысы Аршалы ауданының әкімі отставкаға кетті. Биылғы 12 ақпанда отставка қабылданды», - деді Д. Бекайдаров.
Сонымен қатар ол бірінші басшылардың тәртіптік жауапкершілігіне қатысты мәлімет айтты.
«Бағыныштылардың сыбайлас жемқорлығы және алдын алу жұмысының әлсіздігі үшін 54 бірінші басшы тәртіптік жауапқа тартылды, оның 48-і әкімшілік қызметші және алтауы квазимемлекеттік сектордың топ-менеджері. Олардың 13-і өз лауазымдарынан айырылды. Жалпы қазіргі уақытта 71 басқарушы мониторингте, оның ішінде 15-і саяси мемлекеттік қызметші, 47 әкімшілік және 9 квазимемлекеттік сектор субъектілерінің топ-менеджері бар», - деді Данияр Бекайдаров.