05 мау, 2017 сағат 10:59

Қытай басшысының кітабы қазақ тілінде жарық көрді

Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің қазақ тіліндегі «Ел басқару жөнінде» атты кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің  қазақ тілінде жарық көрген «Ел басқару жөнінде» кітабының тұсаукесері  екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнауының 25 жылдығы тұсында өтіп отыруының  терең символдық мәні бар  деп ойлаймын. Осы жылдарда екіжақты қарым-қатынастар өзара ұдайы сенімді әр конструктивті  жағдайда дамып келеді. Қытай Қазақстанның стратегиялық  одақтасы әрі басты сауда-экономикалық серіктестерінің бірі болып  табылады. Қазіргі таңда Қазақстан мен Қытайдың  қарым-қатынастары жаңа деңгейге  көтеріліп отыр. Ғасырлар бойы Шығыс пен Батысты жалғастырып келген Ұлы Жібек жолының бүгінде екінші тынысы ашылды деп айтуға болады. ҚХР-дың бастамашылық танытып және жүзеге  асырып жатқан «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы Ұлы Жібек жолы бойындағы көптеген елдердің ынтымақтастығы үшін зор мүмкіндіктер ашады», - деді кітаптың таныстырылымында сөз сөйлеген ҚР Президенті Кеңсесі басшысының орынбасары Бақытжан Темірболат.


Ал Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Ханьхой  аталған кітапта қытай халқының ұлы арманын қалай  жүзеге асыруы туралы баяндалғанын айтты.

«Қытай мен Қазақстанның бірлесе отырып, бұл кітапты жарыққа шығаруы екі  елдің ынтымақтастығы үшін барынша маңызды шара. Екі елдің бір-бірінен тәжірибе алмасуына септігін тигізіп, мемлекеттердің  бірлескен стратегияларына тың серпіліс береді. Бұған қоса екі елдің қарым-қатынастарының деңгейі жоғары екендігін аңғартады. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы шақыруымен ҚХР Төрағасы  Си Цзиньпин мырза Қазақстанға үшінші ресми сапарымен келеді және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының  отырысына, ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық  көрмесінің ресми ашылу салтанатына қатысады», - деді Чжан Ханьхой.


ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры жанындағыӘлемдік экономика және саясат институтының директоры Ержан Салтыбаев Си Цзиньпиннің «Ел басқару жөнінде» кітабы 2014 жылдан бері 100-ден астам мемлекетте 6 млн данамен басылып шыққанын атап өтті.

«Бұл кітаптың қазақ тілінде аударылуы Мемлекет басшысының үздік замануи әдебиеттерді  қазақ тіліне аудару бойынша қойған тапсырмаларына жауап беріп, мемлекеттік тілдегі әдебиет қорын толықтырады. Сонымен қатар оқырман аудиториясы айтарлықтай ұлғаяды», - деді ол.

Айта кетейік, кітапқа Си Цзиньпиннің 2012 жылдың 15 қарашасынан 2014 жылдың 13 маусымына дейін көпшілік алдында сөйлеген 79 сөзі, сұхбаты, баяндамасы, оқыған дәрістері мен құттықтау хаттары енген.