Қырғызстанда тағы бір қыз ұрланды. Жәбірленуші 26 жастағы Изат Курбанова. Оның туыстары милицияға арыз түсірген, - деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан.
Басылым мәліметі бойынша, қызды Бішкек маңындағы Лебединовка ауылынан сағат шамамен 23:00-де белгісіз біреулер ұрлап әкеткен. Ұрлау сәті видеоға түсіп қалған. Милицияға Изаттың әпкесі шамамен 02:00-де арыз түсірген. Ол белгісіз біреулер Toyota Estima маркалы автокөлігіне қызды мәжбүрлеп отырғызып, алып кеткенін айтқан.
ІІББ өкілдері сотқа дейінгі іс жүргізу басталғанын және күдіктінің жеке басы анықталғанын айтты. Оның тұрғылықты жері анықталып, милиция қызметкерлері жіберілген.
Sputnik Қырғызстан тілшілері ұрланған қыздың туыстарымен байланысқа шыққан. Олардың айтуынша, қыз әлі табылған жоқ, бірақ "күйеу жігіттің туыстары" келген.
"Оның қайда екенін әлі білмейміз. Бірақ жігіттің туыстары келіп, қыз "алып қашу" рәсімінен кейін тұрмысқа шығуға келіскенін айтты. Ата-анасы келіспеді және қызымен сөйлесуді сұрап отыр", - дейді туыстары.
Милиция қызметкерлері кейінірек толық ақпарат беруге уәде берді. Айта кетейік, Қырғызстанда қызды некеге тұру мақсатында ұрлау қылмыс болып саналады.
Бұған дейін 5 сәуірде Айзада есімді қызды Бішкекте жұмысқа бара жатқан жолда ұрлап әкеткені хабарланған болатын. 2 күннен кейін қыз бен оны ұрлаған ер адамның мәйіті табылды.
Ер адам оны киімімен тұншықтырып, кейін өз-өзіне қол салған. Іс бойынша бес күдікті ұсталды. Кейін қайтыс болғанға дейін қыздың зорланғаны белгілі болды.
1403 рет оқылды