Қазақстанда бүгіннен бастап халықты QazVac отандық вакцинасымен егу басталды. Осы орайда бұған дейін отандық вакцинаны ерікті ретінде алғашқылардың бірі болып кімдер алғанын еске салуды жөн көрдік, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаның атауына қатысты түсініктеме берген болатын.
Қазақстандық вакцинаның ғылыми атауы - QazCovid-in, оның саудалық атауы – QazVac.
Атап айтқанда, былтырдан бастап Қазақстан азаматтары өз еріктерімен отандық ғалымдар әзірлеген коронавирусқа қарсы вакцинаны тәжірибе ретінде салдырған еді. Солардың бірі - саясаттанушы Мақсат Жақау вакцинациядан өткендігін айтқан болатын.
QazCovid-in қазақстандық вакцинасын ерікті ретінде былтыр ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те алған еді.
Сонымен қатар 2020 жылы желтоқсан айында ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Карин отандық препаратты салдырды. Ал биыл 16 қаңтарда вакцинаның екінші дозасын ектірді.
Бұдан бөлек, өткен жылдың соңында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа қазақстандық QazCovid-in вакцинасы егілді.
Айта кетейік,19 желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары әзірлеген QazCovid-in вакцинасын клиникалық сынаудың үшінші кезеңі басталды.
Мұнымен қоса, 2020 жылдың желтоқсанында С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ректоры Талғат Нұрғожин де отандық вакцинаны салдырды.
Ал бүгін, 26 сәуірде халықты QazVac вакцинасымен егу ресми түрде басталды. Отандық препаратты алғашқылардың бірі болып Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой алды.
Еске сала кетейік, ақпан айында тәуекел тобын қоса алғанда түрлі жас санатындағы 3 мың еріктіге клиникалық сынақтың ІІІ сатысы өткізіліп жатқаны хабарланған еді.
Бүгінге дейін қазақстандықтар коронавирусқа қарсы ресейлік «Спутник-V» вакцинасымен егілген болатын. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 26 сәуірге дейін барлығы 893 633 адам екпе салдырды.