31 мам, 2021 сағат 13:50

Құжатсыз тұлғалар кімге жүгіне алады?


Қазақстан аумағында құжатсыз немесе жарамсыз құжатпен тұрып жатқандар азаматтығын анықтау үшін кімге жүгіну керек? Бұл сұраққа көші-қон қызметі комитетінің бөлім басшысы Ғани Шымырбаев ІІМ-нің онлайн брифингінде жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінге дейін құжатсыз тұрып келген тұлғалар тұрғылықты жердегі органдарға жүгінуі керек. Қолында жеке басына қатысты қандай да бір құжат болса, азаматтық мәртебесін анықтау оңайырақ болады. Туу туралы куәлігі, білімі туралы аттестат немесе анықтама, әскери билет неме туу туралы тіркеу құжаты сияқты кез келген құжаты пайдаға жарайды», - деід Көші-қон комитетінің өкілі. 

Оның айтуынша аталған құжаттар арқылы көші-қон қызметінің қызметкерлері ресми сұрау салып, тұрғынның қай елді азаматы екенін анықтайды. 

«Егер басқа елде тұрған болса немесе басқа елде тұрып, құжаттарын сол жақта жоғалтқан болса, елшіліктер арқылы ақпарат аламыз. Қазір бұл акцияны үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп өткізіп жатырмыз. Кезінде басқа елде тұрып, ескі үлгідегі төлқұжат алған адамдардың деректерін алу үшін консулдық алымдар төлеу қажет. Егер тұлғаның ешбір елдің азаматы емес екені дәлелденсе, азаматтығы жоқ адамның куәлігі рәсімделеді. Ол қызмет бүгінде шамамен 23 тың теңге тұрады. Құжатсыз жүргендердің көбінде осы ақшаны төлейтін мүмкіндік болмай жатады. Үкіметтік емес ұйымдар бізге осы тұрғыдан көп көмектесіп жатыр», - деді Ғани Шымырбаев.