07 сәу, 2022 сағат 18:04

Күш құрылымдарының қауқарын күшейтуге 400 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді


ҚР Ұлттық қорынан 2022-2024 жылдарға кепілдендірілген трансферт аясында күш құрылымдарының қауқарын күшейтуге 400 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәжілісте ҚР Қаржы министрінің орынбасары Татьяна Савельева қаңтар оқиғасында зардап шеккен шағын және орта бизнес субьектілерін қолдауға бөлінетін қаражаттың мөлшері нақтыланғанын мәлім етті. 

«Бюджетті нақтылау аясында күш құрылымдарының жауынгерлік әзірлігі мен жарақтандырылуын арттыруға қосымша 441 млрд теңге қарастырылған. Атап айтқанда, қаңтар оқиғаларының салдарын жоюға және өтемақы төлеуге жалпы сомасы 4,1 млрд теңгеге қаражат бағытталатын болады. Бұл шығындар зардап шеккен техниканы, ғимараттарды жөндеуге және қалпына келтіруге бағытталады. Қазіргі уақытта қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына қажетті жәрдемақы мен өтемақы төленді. Бұдан басқа, материалдық және тұрғын үй көмегін өңірлер көрсетеді», - деді вице-министр. 

Айтуынша, күш құрылымдары өкілдерінің саны мен айлығын көбейтуге 92 млрд теңге бөлінбек.

«Барлық әлеуетті органдардың арнайы бөлімшелерінің қызметкерлері мен әскери қызметшілері үшін еңбекақы орта есеппен 20-дан 40%-ға дейін ұлғайды. Сондай-ақ, ІІМ, Ұлттық ұлан және Қорғаныс министрлігінің арнайы көлік құралдарымен жабдықталған арнайы бөлімшелерінің санын арттыру жоспарланған. Материалдық-техникалық базаны толықтыруға 91 млрд теңге бөлінеді. Оның ішінде әскери-көлік авиациясы паркіне 15,5 млрд теңге бөлінді. Қабылданған шаралар қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға, дағдарыс жағдайларына жедел ден қоюға және тұтастай алғанда күштік органдардың беделін арттыруға ықпал етеді», - деді Татьяна Савельева.