02 сәу, 2022 сағат 11:53

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы тағайындалды


Алмаз Ыдырысов Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығы бойынша Алмаз Серікболұлы Ыдырысов Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды", - делінген хабарламада.

Алмаз Ыдырысов 1983 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Қарағанды қаласындағы "Ремстройсервис АС" ЖШС жол жұмысшысынан бастаған.

Әр жылдары "ҚазахАвтоДор" РМК жетекші маманы, ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдарын пайдалану басқармасының бас сарапшысы, ҚР ККМ Автомобиль жолдары комитетінің Құрылыс және реконструкциялау басқармасының бастығы болып жұмыс істеген.

"ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ СҚО филиалында, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Әкімшілік жұмыс департаментінде басшылық лауазымдарды атқарған.

2017 жылдан бастап Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған.