07 шіл, 2022 сағат 18:09

Құрбан айт мерекесінде ветеринарлық анықтамасы бар малды ғана сою керек


Құрбан айт мерекесі 9-11 шілде аралығында өтеді. Елдегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты, сондай-ақ тұрғындар арасында СOVID-19 және жіті ішек инфекцияларының таралуына жол бермеу мақсатында Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бірқатар сақтық шараларын ұсынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Комитеттің ресми өкілі Ержан Байтанаевтың мәліметінше, мал союды ветеринариялық анықтама болған жағдайда ғана жүргізу керек. Qurban2022.kz сайтына өтінім бере отырып, онлайн режимде құрбандық шалуды ұйымдастыру мүмкіндігін де пайдаланған абзал. 

«Жабық үй-жайларда, адамдар көп шоғырланатын орындарда бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде қашықтықты сақтау және бетперде кию, қолды жиі антисептикпен өңдеуге кеңес беремін. Қоғамдық тамақтану объектілерінде (тойхана, мейрамханалар, дәмханалар, асханалар, мешіттер және т. б.) және салттық іс-шараларды өткізу бойынша қызмет көрсететін нысандарда әртүрлі іс-шараларды өткізу кезінде үйде дайындалған тағамдарды пайдаланбаған жөн. Тез бұзылатын өнімдерді салқын орынжайларда сақтап, азық-түлік өнімдерін, әсіресе сүт, салаттар сатып алғанда, жарамдылық мерзіміне, шығарылған күніне назар аударыңыз, дайындалған тағамды бөлме температурасында 2 сағаттан артық қалдырмаңыз», - деп жазды Байтанаев. 

Ресми өкіл, кездейсоқ адамдардан немесе рұқсат етілмеген сауда орындарынан тамақ өнімдерін сатып алмауға шақырды. Жаңа дайындалған тағамды алдыңғы күннің қалдықтарымен араластырмау, дайын тағам келесі күнге қалса, оны қолданар алдында термиялық өңдеуден өткізу (қайнату немесе қуыру) аса маңызды. 

Тұрғын үйді үнемі таза ұстау және жеке гигиена ережелерін сақтау, кішкентай балаларға қайнатылмаған сүт, шикі жұмыртқа бермеу, тамақ дайындау үшін тек жаңа (балғын) өнімдерді пайдалану да назарда болғаны дұрыс.