Алматыда құны 400 млн теңге медициналық бұйым гуманитарлық көмек ретінде заңсыз импортталғаны анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл туралы Facebook желісінде ҚР бас көлік прокуроры Ернат Сыбанқұлов мәлімдеді.
«ҚР Кеден туралы заңнамасына сәйкес гуманитарлық жүк кеден салығынан босатылады. Алайда жекеменшік компанияның тауарлары кейін сатылған. Олай болған жағдайда кеден салығы мен төлемдерін төлеуі тиіс. Бұл жағдайда олар 40 млн теңге төлеуі керек», - деді Ернат Сыбанқұлов.
«Қазір осы дерек бойынша ҚР ҚК 236-бабының 1-тармағымен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жұмыстарын қалалық Экономикалық тергеу департаменті жүргізіп жатыр»,- деді баспасөз қызметінен.
Тағы бір кәсіпорын шетелге шығаруға шектеу қойылған тауарларды экспорттаған. Атап айтқанда, 140 млн теңгенің жеке қорғаныс құралдарын сыртқа шығарған.
Бұл дерек бойынша прокуратура ҚР ҚК 234-бабымен (экономикалық контрабанда) сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізген болатын.
10 қарашада Түрксіб аудандық соты күдіктілердің бас бостандығын 1 жыл 6 айға шектеді.