Ақтөбе полициясы көлігі майысып, жарамсыз күйге түскен жүргізушіні тоқтатпақ болған. Полицияны көрген сәтте бағытын өзгертіп, қашуға әрекеттенген қызылордалық бір сағаттан соң ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Патрульдік полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті және жол қауіпсіздігін қорғау қызметін мақсатында қала көшелерінде рейд жүргізді. Олар Ақтөбе қаласындағы Гастелло мен Жиенбаев көшелерінің қиылысында алдыңғы бампері майысқан «Тойота-Камри» автокөлігін байқаған. Полицейлер бұл көлік жүргізушісі жол-көлік оқиғасын жасап, қашып кетуі мүмкін деген күдікпен дауыс зорайтқыш құрылғы арқылы тоқтауын сұрады.
«Шетелдік нөмірі бар көлік жүргізушісі полиция қызметкерлерінің ескертуін елемей, Новороссийск айналма жолы бағытында ізін жасырмақ болған. Қуғыннан қашуға әрекет жасаған кезде «Тойота Камри» автокөлігінің жүргізушісі жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндірді. Сондай-ақ Ақжар ауылы маңындағы теміржол өткелінде бағдаршамның тыйым салатын сигналына қарамай, өтіп кетті. Қуалау шамамен бір сағатқа созылды және Хромтау ауданы, Құдықсай кентінің маңында көліктің жүргізушісі мен жолаушысы тоқтап, шамдарды сөндіріп, қашып кетуге тырысқан. Патрульдік полиция 35 жастағы жүргізуші мен оның жолаушысын ұстады. Тексеру барысында жүргізушінің мас күйінде рульге отырғаны үшін бес жылға көлік жүргізу құқығынан айырылғаны анықталды», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Айта кетейік, жүргізуші №3 қалалық полиция бөліміне жеткізілді. ҚР жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін шамамен 6 хаттама толтырылып, 500 мың теңге айыппұл салынды.