25 сәу, 2022 сағат 13:32

Күдебаев не үшін қызметінен кеткені белгілі болды


Полиция генерал-майоры Серік Күдебаевтың Алматы облысы бойынша ПД басшысы қызметінен неге кеткені белгілі болды. Бұл туралы ІІМ мәліметінде айтылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Ведомство мәліметінше, Күдебаев өз өтініші бойынша қызметінен кеткен.

"Серік Күдебаев биыл 18 ақпанда Алматы облысы Полиция департаментінің басшысы қызметінен босатылып, өз өтініші бойынша ішкі істер органдарынан кетті", - деді ІІМ өкілі.

Бұған дейін Алматы облысы Полиция департаментін басқарған генерал-майор Серік Күдебаев қызметінен босатылғаны белгілі болды.

Серік Күдебаев 2012-2013 жылдар аралығында Алматы облысы Ішкі істер департаментінің бастығы болған. 2013 жылдың қазанында Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің (қазіргі Полиция департаменті) бастығы болып тағайындалған. Осыдан кейін 2020 жылдың қаңтарында ол қайтадан Алматы облысының ПД басшысы болды.

Сәуірдің басында әлеуметтік желілерде Күдебаевтың қаңтар оқиғасына қатысты қылмыстық іске қатысы бар деген ақпарат тараған болатын. Бұған Бас прокуратураның Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарының ҰҚК және Полиция департаменттері ғимараты және Алматы әуежайының қараусыз қалуына қатысты тексеру жариялағаны туралы мәлімдемесі себеп болған. Ведомство басшылары күдікті деп танылғаны айтылды.