«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетов «Тальго» пойызындағы резонансты қылмыс бойынша кімдердің жазаға тартылғанын БАҚ өкілдеріне айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әуелі ҚТЖ өкілі жолсеріктерден зәбір көрген жолаушыға қай жағдайда моральдік шығын төлейтіндерін айтты.
«Сот аяқталғанымен, үкім әлі күшіне енген жоқ. Үкім күшіне енгеннен кейін оған толық құқықтық баға берілетін болады. Өтемақы төлеу мәселесі заңнамаға сәйкес жүзеге асатын болады. Егер сот «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы осыншама сомада моральдік шығын төлеуі керек деген шешім шығарса, біз төлеуге дайынбыз», - деді Қанат Әлмағамбетов.
Оның айтуынша, осы оқиғадан кейін жолсеріктерден бөлек басшылық лауазымдағы бірнеше қызметкер жұмыстан қуылған.
«Екі жолсерік былтыр жұмыстан қуылған болатын. Пойыз бастығы да қызметтен аластатылды. Жуықта ғана қосымша талдау жүргізілді. «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директорының жолсеріктер резервіне жауапты орынбасарына қатаң сөгіс жарияланып, департамент директоры жұмыстан қуылды. «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның Ақтөбе облыстық филиалының директоры қызметтен алынды», - деді ол.