29 там, 2024 сағат 18:37

«Кселл» V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми байланыс операторы атанды



Бүгін «Кселл» АҚ мен V дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі Дирекция арасында меморандумға қол қойылып, «Кселл» компаниясы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми байланыс операторы атанды. 

 Бүгінде «Кселл» компаниясы сайыс өтетін спорт нысандарында байланыс құрылғылары мен қосымша базалық станциялары орнатылып жатыр. 

«Біз, ұлттық байланыс операторы ретінде, бұл ойындардың Қазақстанға қаншалықты маңызды екенін терең түсінеміз. Сондықтан осы халықаралық шараны мінсіз ұйымдастыруға үлес қосуды ұйғардық. Оның ішінде шетелдік қонақтар мен спортшыларды жылдам интернет пен сапалы байланыспен қамтамасыз ету –өте маңызды міндет. Сол үшін біздің мамандар жарыс өтетін барлық спорт нысандарында тиісті жұмыстарды атқарып жатыр, -дейді «Кселл» компаниясының басқарма төрағасы Асқар Жамбакин.


Сонымен қатар Асқар Жамбакин Дүниежүзілік көшпенділер ойыны түркі халықтарын біріктірудің идеологиялық негізі екенін айтты.

«Бұл ұлттық ерекшелігімізді айшықтайтын дәстүрлердің жандануы. Неономадикалық философияны дамыту стратегиямыздың бір бөлігі ретінде біз бұл жобаны қолдауды маңызды компонент деп санаймыз және барлық қатысушылар мен ұйымдастырушыларды сенімді байланыспен қамтамасыз етеміз», -деп атап өтті Асқар Жамбакин өз сөзінде.


V дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі Дирекция басшысы Наиль Нұров өз сөзінде «Кселл» компаниясына өткізіліп отырған Түркі халықтарының басын қосатын үлкен шараға елеулі үлес қосып жатқаны үшін қуанышын білдірді.

«Бүгін біз тағы бір маңызды қадам жасап жатырмыз: Kcell компаниясымен келісімге қол қою. Неліктен біз оны мақтан тұтамыз? Өйткені біз басынан бастап серіктестеріміз, демеушілеріміз жобамызға салмақ пен беріктік беретін компаниялар екенін анықтадық. Бүгін біз осы параметрлерге толық сәйкес келетін Kcell компаниясы туралы айтып отырмыз. Біз бұл компанияға қосқан елеулі үлесі үшін өте ризамыз», - деді Н. Нұров. 


«Кселл» компаниясының техникалық жасағы «Астана-Арена» стадионы, «Қазанат» атшабары және Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, «Алау» мұзайдыны, «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешені, ҚР Ұлттық музейі,  «Думан» ойын-сауық кешені аумағына қосымша 4G және 5G базалық станциялары мен телекомуникациялық жабдықтарын орнатуға кірісті. Бұл шетелдік қонақтар мен қатысушыларға өз туған-туыстарымен еш кедергісіз бейнебайланысқа шығып, әлеуметтік желілерге фото, видео материалдарды жедел жүктеуге, таратуға, барлық цифрлық сервистерді үздіксіз пайдалануға мүмкіндік береді. 

«Кселл» дүбірлі дода өтетін осы нысандардағы байланыс желілерін жетілдіріп қана қоймай, көшпенділер ойындарына қатысатын әр спортшыға, еріктілерге, сондай-ақ ұйымдастыру комитетінің әр мүшесіне 5G интернеті мен байланысы бар сим-карталарды тегін таратады. Бұдан бөлек, компания спорт кешендерінде Wi-Fi-сигналын тарататын арнайы 5G-роутерларын орнатпақ. Сондай-ақ, тақырыптық  SМS-хабарламалар жолдауды жоспарлап отыр. 

Еске сала кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астана қаласында 8-13 қыркүйек аралығында өтеді.