12 жел, 2019 сағат 08:41

ҚР Үкіметі мен ЕҚҚДБ арасында ҚР денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту келісімі жасалды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин және Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚҚДБ) президенті Сума Чакрабарти ҚР денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту туралы құжатқа қол қойды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Асқар Мамин Лондон қаласына жұмыс сапары аясында ЕҚҚДБ президенті Сума Чакрабартимен кездесу өткізді.

«Қазақстаннның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ЕҚҚДБ-мен ынтымақтастыққа зор көңіл бөледі. Өткен 27 жылда ЕҚҚДБ-ның Қазақстанға инвестициялар көлемі 260-тан астам жобада 9 млрд доллардан асты», - деді ҚР Премьері.

Келіссөз қорытындысы бойынша ҚР Үкіметі мен ЕҚҚДБ арасында Қазақстанда денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртудың Кешенді бағдарламасын іске асыру жөніндегі Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

«Қазақстанда 2020–2024 жылдарға арналған денсаулық сақтаудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа көпсалалы ауруханалар салынады. Біз ЕҚҚДБ-ның денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысуын қолдаймыз», - деді А. Мамин.