ҚР Премьер-Министрінің өкімімен Айдын Мейрамбекұлы Кәрімов Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі хабарлайды.
Айдын Кәрімов 1988 жылғы 1 қаңтарда дүниеге келген. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Қазақ қаржы-экономика академиясын, КАЗГЮУ университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 2006 жылы бастаған. Түрлі жылдары ҚР ТЖМ «Есептеу техникасы, телекоммуникациялар, информатика және ситуациялық талдау» РМК, «АйТи-Сервис» ЖШС, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Телекоммуникациялар саласындағы техникалық сүйемелдеу орталығы» РМК, Астана және Семей қалалары әкімінің аппараттарында қызмет еткен.
2012-2016 жылдары ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің (қазіргі ҚР Сауда және интеграция министрлігі) Халықаралық экономикалық интеграцияны реттеу департаментінің директорының орынбасары, басқарма басшысы, бас сарапшысы болып жұмыс істеді.
2016 жылдан бастап ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің құрылымында жұмыс істейді: 2016-2017 жылдары — Сыртқы байланыстар және хаттама бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 2017-2019 жылдары — Сыртқы байланыстар және хаттама бөлімінің меңгерушісі – ҚР Премьер-Министрінің хаттама шефі.
2019 жылдың сәуір айынан ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Сыртқы экономикалық ынтымақтастық және хаттама бөлімінің меңгерушісі лауазымын атқарды.