29 нау, 2019 сағат 14:19

ҚР ІІМ-де латын әліпбиіне көшу жоспары талқыланды

Бүгін Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл ­- Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Ішкі істер министрлігінің орталық аппаратында латын әліпбиіне көшудің арнайы жобасын таныстырды. Бұл туралы ІІМ-нің баспасөз қызметінен мәлім етті.

2017 жылғы 26 қазанда Елбасы Н.Назарбаев «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» арнайы Жарлыққа қол қойған болатын. Осы Жарлықты жүзеге асыру мақсатында 2018 жылғы 13 наурызда ҚР Премьер-Министрінің «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» өкімі шықты. Аталған өкімнің 30-тармағында Қазақстан Республикасы азаматтарының паспорттары мен басқа да жеке құжаттарын латын графикасы негізінде мемлекеттік тілде беруді қамтамасыз етуге жауапты орган ҚР Ішкі істер министрлігі болып белгіленген. Сондықтан Ішкі істер министрлігі қызметкерлері үшін бұл шараның маңызы зор болды.


Аталған орталықтың Орфография басқармасының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжан лекция барысында жиналғандарды қызмет барысында жиі қолданылатын қазақ сөздерінің латын әліпбиімен жазылу үлгісін көрсетті. Сондай-ақ, қазақ тіліндегі кірме сөздердің латын әрпімен қалай таңбаланатының таныстырды. Бұл кірме сөздер латын графикасымен жазылғанда қазақша екпінмен оқу кирилицаға қарағанда әлдеқайда жеңіл әрі қазақы дауыс екпініне толық сәйкес келетініне көпшіліктің назарын аударды.

«Латын әрпі ұлттық сананы оятудың бір тетігі. Қазақ тілінде негізінде 28 дыбыс болса, біз криллица бойынша оны 42 әріппен таңбалап келеміз. Ал латын әріпімен біз оны 26 әріппен-ақ таңбалаймыз. Мәселен ағылшын тілінде 44 дыбыс бар, ал олар оны небәрі 26 әріппен береді. Басқа тілден зорлап енгізген артық әріптер ұлттық тіл ерекшеліктерін, табиғатын бұзатынын уақыттың өзі көрсетті. Сондықтан біз латын әліпбиіне көшуді бас қатыратын арқыт әуре санамауымыз керек. Түркия ұлттық тілінің табиғатын сақтау үшін латын әліпбиіне небәрі сегіз айда көшкен. Біз кириллицаны біраз уақыт қатар қолдануды жоспарлап отырмыз. Негізінде ұлттық сананы, тілді болашақ ұрпаққа бұзбай жеткізуді қалайтын әрбір патриот бұған немқұрайлы қарамауы керек», - деп­ атап өтті ол.

Жиын соңында А. Фазылжанова латын әліпбиіне көшуге қатысты қойылған сұрақтарға жауап берді. ІІМ Кадр саясаты департаментінің басқарма бастығы Мұрат Жақыпбеков министрлік басшылығы атынан тіл жанашырына тұшымды баяндамасы үшін алғысын білдірді.