21 қар, 2024 сағат 15:42

Ұлттық қордан алдағы үш жылға 2 трлн теңге кепілдендірілген қаржы алынады

Фото: Сенат

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың жетекшілігімен Палата отырысы өтті, деп хабарлайды Ult.kz. Отырысқа Премьер-Министр Олжас Бектенов, Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов және мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың өкілдері қатысты.

Отырыста Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2025-2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңды қарастырып, мақұлдады. Құжатқа сәйкес, аталған жылдары республикалық бюджетке Ұлттық қордан 2 трлн теңге көлемінде кепілдендірілген трансферт бөлінеді. Бұл бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге және Ұлттық қордың тұрақтандыру қызметін іске асыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң талқыланды. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, бюджет шығыстарының бірінші кезектегі бағыты мемлекеттік әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындау және ғылымды, білім беруді, медицинаны қолдауды күшейту арқылы адами капиталды дамыту болып қалады.

«Келесі жылы республикалық бюджеттің әлеуметтік саладағы шығыстары шамамен 40%-ды құрап, 9,7 триллион теңгеден асады. Бұл биылғы жылмен салыстырғанда 867 млрд теңгеге артық», – деді ол.


Сенаторлар өңірлерді дамыту мен халықтың өмір сапасын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды.

«Ауыл тұрғындарын таза және қолжетімді ауыз сумен қамтамасыз етуге, электр және газ желілерін кеңейтуге, жолдарды жөндеуге қосымша қаржы бөлінеді. Бұл – Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы», – деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.


Сенат депутаттары сонымен қатар өңірлерді дамытуға қосымша 60 млрд теңге бөлуді ұсынды. Бұл қаражат сумен жабдықтау, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын іске асыру және басқа да инфрақұрылымдық жобаларға бағытталмақ.

Отырыс барысында «Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы шартты ратификациялау туралы» заң да қаралып, мақұлданды. Бұл құжатты бұған дейін Әзербайжан, Беларусь, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан ратификациялаған.