ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2020 жылға арналған жоспарының жобасы туралы Үкімет отырысында әділет вице-министрі Н. Пан баяндама жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Әділет министрлігі Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия мүшелерімен бірлесіп, Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2020 жылға арналған жоспар жобасын әзірледі.
Жоспар жобасы Президент пен мемлекеттің стратегиялық құжаттарында айқындалған міндеттер негізінде әзірленген және 16 заң жобасын әзірлеуді көздейді. Олар әлеуметтік қамсыздандыру, дене шынықтыру және спорт, арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары, ерекше тауарларды бақылау, көрнекі ақпарат және басқада салаларды одан әрі дамытуға бағытталған.
Алдағы жылы 2 жаңа заң жобасын әзірлеу көзделіп отыр. Бұл - «Ерекше тауарларды бақылау туралы» және «Өсімдік әлемі туралы» заң жобалары.
- «Ерекше тауарларды бақылау туралы» Заң жобасын жаңа редакцияда әзірлеу ұлттық экспорттық бақылау жүйесін жетілдіру, сондай-ақ ұлттық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
- «Өсімдік әлемі туралы» жаңа заң жобасын әзірлеу өсімдіктер дүниесі объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы қатынастарды реттеуді қамтамасыз ету, оларды тиімді басқару үшін жағдай жасау мақсатында қажет.
Бұдан басқа алдағы жылы Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарынан туындайтын 2 заң жобасы Парламентке енгізілетін болады.
Бұл - халықтың барлық жас топтары арасында дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытуға, балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қол жетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған заң жобасы. Және, жергілікті маңызы бар әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуде биліктің аудандық, қалалық және ауылдық деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейтуді көздейтін заң жобасы әзірленетін болады.
Жоспар жобасында көзделген 16 заң жобасының ішінен Парламентке 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында - 4, ал екінші жартыжылдығында - 12 заң жобасын енгізу жоспарлануда.
Заң жобалау жұмыстарының жоспарын жасау кезінде заң жобаларын енгізу мерзімдері әзірлеуші мемлекеттік органдармен ұсынылды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 3 заң жобасын әзірлейді. Қорғаныс, Ұлттық экономика, Сыртқы істер, Мәдениет және спорт, Экология, геология және табиғи ресурстар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері 2 заң жобасынан әзірлейтін болады. Қаржы министрлігі бір заң жобасын әзірлейтін болады.