16 қар, 2021 сағат 15:53

Қостанайда өртенген үйден ер адамның мүрдесі табылды, күдіктілер ұсталды


Жітіқара полицейлері ер адамды өлтірді деген күдікпен екі адамды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

14 қараша күні Жітіқара ауданының полиция бөлімінің «102» пультіне өрт сөндірушілерден үйдегі өртті сөндіру кезінде белгісіз ер адамның денесі табылғаны туралы хабар түсті.

«Оқиға орнына жедел тергеу тобы жіберілді. Ол жерден полицейлер күйіп кеткен ер адамның денесін тапты. Қызметкерлер оның 33 жастағы Жітіқара қаласының тұрғыны екенін анықтады. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы ер адамның денесінде адам өміріне қауіпті дене жарақаттары бар екенін көрсетті», - деп түсіндірді полициядан.

Ведомство сот алды тергеудің басқа деректерінің ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жарияланбайтынын мәлім етті.