22 мау, 2021 сағат 19:01

Қостанайда қаржы пирамидасын құрған 63 жастағы әйел сотталды


Қостанай қалалық №2 сотының өкімімен қаржы (инвестициялық) пирамидасын ұйымдастырып, өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін Қостанай облысының тұрғыны сотталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 2017-2019 жылдар аралығында азамат К. «Новый Дом 2017» Тұтыну кооперативінің басшысы бола отырып, жеке-дара басшылық ету және ТК қаражатын мақсатты жұмсауды бақылау бойынша өзіне барлық өкілеттіктерді берген.

«Әрі қарай К. «арзан тұрғын үй» алу бағдарламалары мен олардың тиімді тұстары жайлы жарнаманың арқасында қаржы пирамидасын құрады. Ол мүліктік пайда алу мақсатында «Тұтыну кооперативі туралы» ҚР Заңының талаптарына бағынбай, ТК-ге үлескерлерді өз бетімен таңдап отырған. ТК-нің жарғылық капиталы ашылған кезде 0 теңге болған. Ал оның қаржылық бөлігі тек зардап шеккендердің қаражатынан жиналған», - деп хабарлады облыстық соттан.

63 жастағы алаяқ 296 адаммен үлескерлік туралы жазбаша келісімшарт жасасып, олардан 264 миллионнан аса теңге алған. Алаяқ әйелдің құрбандары әр өңірден болған.

Күдіктінің кінәсін зардап шеккендер мен куәгерлердің сөздері, қылмыстық істің зерттеу материалдары растады.

«Айыпталушы қаржы пирамидасын ұйымдастыру, өкілеттігін асыра пайдалану бойынша кінәлі деп танылып, оған 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол, сонымен қатар, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басқарушы қызметтерді атқара алмайды. Жазасын қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді», - делінді сотта.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.