Қостанайда қару-жарақ дүкеніндегі өрт кезінде қаза болғандар саны төрт адамға жетті. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
«3 қыркүйекте Қостанай қаласында «Оружейная палата» аңшылық дүкені өртенді. Соның салдарынан дүкеннің жеті қызметкері зардап шегіп, үшеуі күйік шалып ауруханаға жатқызылды, ал төртеуі қаза тапты», - дейді ведомствоның баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі аталған өрттен 2 адамның қайтыс болғанын хабарлаған.
Ал Бас прокуратура Қостанай облысындағы өрттерге байланысты 3 қылмыстық іс қозғады. Аталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 204-бабының 2-бөлігі (отпен абайсыз жұмыс iстеу арқылы ауыр зардаптарға әкеп соққан немесе аса ірі залал келтірілген іс-әрекет), 341-бабының 1-бөлігі (ормандарды жою), 292-бабының 3-бөлігі (абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері басталды.